Түнде компьютерлік клубта жалғыз жүрген жасөспірім анықталды
Павлодар облысының полицейлері түнде компьютерлік клубта жалғыз жүрген кәмелетке толмағанды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ата-аналар жасөспірімдердің түнгі серуендері жағымсыз, кейде тіпті қауіпті салдарға әкелетінін ұмытпауы керек.
– Мысалы, Павлодарда рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер кәмелетке толмаған баланың ойын-сауық мекемесінде ересектерсіз болу фактісін анықтады. Бұл факт Қамзин көшесіндегі компьютерлік клубта сағат 23.40-та орын алған. 2003 жылы туған жасөспірім жалғыз жүрген. Аталған факт бойынша баланың анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Компьютерлік клубтың жалға алушысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін мекеме басшылығына қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша материал жиналып, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментіне жіберілгенін атап өтті.
Айта кету керек, 2021 жылдың басынан бастап полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуының 129 фактісін анықтады.