Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бұрын сотты болған адам алаяқтық жасап, тағы да ұсталды

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен бұрын сотты болған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-ның полиция қызметкерлері алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады. Ол жәбірленушілерге құрылыс қызметтерін көрсетуге және Ресейден автокөліктерді төмен бағамен сатып алуға көмектесемін деп ақшаларын алаяқтық жолмен иемденіп отырған.

Мәселен, Сарыағаш АПБ кезекші бөліміне жәбірленушінің бірі 2020 жылдың жазында бейтаныс ер адам оның сеніміне кіріп, темір қақпа орнатуға уәде беріп, 250 мың теңге ақшасын алып кеткенін жеткізді. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сарыағаш АПБ-ның полицейлері бұрын бірнеше рет сотты болған жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Тергеу барысында жас жігіттің екі миллионнан астам теңгеге алаяқтық жасап, жалпы үш жайтқа қатысы бары анықталды.

Өткен жылдың күзінде алаяқ, жанар-жағармай бекеті қызметкерінің сеніміне кіріп, оған Ресейден арзан бағамен автокөлік сатып әкеліп беремін деп уәде берген. Күдікті сенімдірек болу үшін жәбірленушіге «WhatsApp» мессенджері арқылы сатып алынған автокөліктің суретін жіберіп, одан миллион теңгесін алған. Дәл осындай тәсілмен алаяқ тағы бір жанар-жағармай құю бекетінің жұмысшысынан 850 мың теңгесін алып, сан соқтырып кеткен.

Қазіргі уақытта аталған алаяқтық жайттары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды. Жинақталған іс-құжаттары ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша айыптау актісімен бірге тиісті заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін азаматтарға мұқият болуды және күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға артық сенім білдірмеуге кеңес береді. Сондай-ақ, тез пайда табуға үміттеніп, өз мүлкі мен ақшасын, сондай-ақ банктік шот кодтары мен басқа да жеке ақпаратты белгісіз адамдарға бермеңіздер. Егер де, сіз, алаяқтықтың немесе басқа да осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру