Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта карантинге қарамастан жұмыс жасаған ойынхана анықталды

Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде жұмыс жасаған бильярд ойынханасын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өздеріңізге белгілі, коронавирус індетімен ауырғандар саны күн санап артуда. Осыған байланысты Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен карантин режимі күшейтіліп, бірқатар шектеу шаралары қарастырылды. Ал, тәртіп сақшылары мобильдік топпен бірге осы шектеулердің орындалуын қадағалауда. Адамдар көп шоғырланатын орындар бақылауға алынып, ойын-сауық орындарының талапқа сай қызмет көрсетуі тексерілді. Профилатикалық-рейдтік шараларды жүргізу барысында, карантинге қарамастан келушілерге қызмет көрсеткен «бильярд» анықталды.

Белгілі болғандай, кешкі сағат 18:10 шамасында Сарыағаш қаласы Шымкент-Жетісай тас жолының бойында орналасқан «Бильярд» ойынханасы жұмыс жасап тұрған. Ішінде 10-ға жуық келушілер болған. Карантин талаптары орындалмаған. Осыған байланысты карантин режимін және шектеу шараларын сақтамағаны үшін іс-құжаттар рәсімделді. Анықталған құқық бұзушылық жайтына қатысты, нысан иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жинақталған материалдар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданған.

Жалпы, тәртіп сақшылары тұрғындарға тұрақты түрде карантин талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соған қарамастан немқұрайдылық танытқандар қатары азаяр емес. Сондықтан, полицейлер коронавирус індетінен сақтану мақсатында басыңыздың амандығы, деніңіздің саулығы үшін үнемі бетперделік режим, арақашықтықты сақтау мен аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауға кеңес береді. Адамдар көп болатын орындарға, той-жиындарға бармаңыздар деп ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру