Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда қылмыстық топ құрықталды

Қарағанды облысында саяжайлардан ұрлық жасап жүрген қылмыстық топ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

4 ақпан күні Қарағанды облысы Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне 63 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Зейнеткер белгісіз біреудің өзіне тиесілі саяжайдың есігін бұзып, үйін тонап кеткені туралы хабарлаған.

Ұрылар саяжайдан темір бұйымдарды әкеткен. Зейнеткерге келтірілген шығын көлемі 76 мың теңгені құрады.

Сондай-ақ, 4 ақпанда полицияға дәл осындай арызбен 51 жастағы азамат пен 47 жастағы әйел адам келіп шағымданды. Олардың саяжайларына да белгісіз біреулер ұрлыққа түсіп, 48 және 28 мың теңгеге шығын келтірген. Бұл жерлерден де ұрылар темір бұйымдарды әкеткен.

Полиция қызметкерлері бұл қылмыстардың барлығын бір топтың жасағанын болжады.

Аталған қылмыстарды ашу бойынша криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді іс-шаралардың нәтижесінде осы іске қатысы бар деген күдікпен 16 мен 20 жас аралығындағы алты адам ұсталды. Олардың барлығы Теміртау және Бұқар жырау ауданының тұрғындары. Күдіктілер қылмыстарын мойындап, олардан айғақ заттар тәркіленді.

Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері күдіктілердің осыған ұқсас басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру