Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Трансформатор бөлшектерін ұрлаудың 30 жайтына қатысы бар түркістандық азаматтар ұсталды

Түркістан облысының полицейлері трансформатор бөлшектерін ұрлаудың 30 жайтына қатысы бар күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті фирманың өкілдері арызданып, белгісіз біреулер Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқан мекемеге тиесілі трансформаторларының бөлшектерін ұрлап кеткендігін хабарлаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 900 мыңға жуық теңгені құрады.

Оқиға орнына Ордабасы АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Жедел уәкілдер жақын маңдағы барлық аумақтарды, аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, сондай-ақ сауда нүктелері мен бейнебақылау камераларын тексерді. Күні-түні жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Ордабасы АПБ полицейлері осы іске қатысы бар күдіктілерді анықтады. Күдіктілердің екеуін Шымкент қаласының көшелерінен, қалған екеуін тұрғылықты мекенжайларынан ұстады. Аудандық полиция бөліміне жеткізілген ер адамдардың үшеуі Шымкент қаласының тұрғыны болса, қалған біреуі Төлебилік тұрғын болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер алдын ала сөз байласып, оңай жолмен ақша таппақ болған. Содан жол бойында тұрған трансформаторлардың бөлшектерін шешіп алып, жымқырып кетіп жүрген. Кейін арзан бағаға сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Бүгінде күдіктілердің осыған ұқсас жалпы 30 жайтқа қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 30 миллион теңгеге жуық. Белгілі болғандай, ер адамдар екі жылдан бері Түркістан облысында трансформатордың бөлшектерін ұрлаумен айналысып келген. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді, бұл ұрылар үшін оңай олжа болуы мүмкін. Сондай-ақ, өзіңіздің шаруашылық аулаларыңызды және ұйымдардың аумақтарын сенімді қоршаумен қоршап, бейнебақылау камерасы және күзет дабылын орнату қажет. Егер сіз ұрлықтың немесе басқа да қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру