Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жыл басынан діни заңнаманың 6 бұзушылығын анықтады

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жыл басынан діни заңнаманың алты бұзушылығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернетке мониторинг жүргізу кезінде СҚО полицейлері «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің қолданушысы жеке парақшасында діни мазмұндағы фото мен аудиожазбаларды орналастырғанын анықтады. СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша өндіріс қозғады. Файлдар дінтану зерттеуіне жіберілді. Егер аталған материалдар сараптамамен діни деп танылса, ер адамға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Ұқсас факті облыс орталығының тұрғынына да қатысты тіркелді, ол Интернетте хабарландыру бойынша діни кітапты сатпақшы болған.

– Қазақстандағы діни қызмет заңнамамен реттелетінін естеріңізге саламыз, – деді Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Марат Халимулин. – Ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен белгіленген арнайы үй-жайларда діни әдебиетті, діни мазмұндағы басқа да материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға рұқсат етілген. Басқа жерлерде таратқан жағдайда, заң бұзушылығы болып саналады.

СҚО аумағында діни әдебиетті ғибадат үйлерінен бөлек, 15 сауда орнында сатуға рұқсат берілген. Атап айтатын болсақ, Интернациональная к-дегі «Школьник» және «Буратино», Бөкетов к-дегі «Карандаш», Хименко к-дегі «Пеликан», Н. Назарбаев к-дегі «Кнопка» және «Караван», Қазақстан Конституциясы к-дегі «Книги», К. Сүтішев көшесіндегі «Мир школьника» дүкендері. Сондай-ақ тиісті рұқсатқа ие болған кәсіпкерлер Бөкетов к-дегі «Спутник», Ы. Алтынсарин к-дегі «Пять звезд», К. Сүтішев к-дегі «Рахмет», Астана к-дегі «Страна товаров» сауда үйлерінде, Астана көшесіндегі «Алтын Адал» мен Бостандық көшесіндегі «Дария» базарларында қызметін жүзеге асыруда. Саумалкөл ауылында сауда орны Янко көшесіндегі «Орталық базарда» орналасқан. Бұдан бөлек, Свободная көшесіндегі «Солтүстік Қазақстан облыстық Кришна санасы қоғамы» жергілікті діни бірлестігінде де діни әдебиетті сату құқығы бар. Аталған сауда орындары Петропавл қаласында орналасқан. Бұл тізім облыс әкімдігінің 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бекітілді.

Жыл басынан СҚО полицейлері дін саласындағы заңнама бойынша алты бұзушылықты анықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру