Бәйдібек полицейлері жоғалған жылқыларды қайтарды
Түркістан облысының полицейлері жоғалған жылқыларды қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын бос жайылымнан жеті бас жылқы жоғалғаны туралы арызданған. Арызданушы азамат алғашқыда бір апта бойы өзі іздеген. Содан соң еш нәтиже болмаған соң полицейлерден көмек сұрайды. Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған жылқыларды іздеу жұмыстары басталады. Тәртіп сақшылары бірнеше мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен сұқбат жүргізеді, базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді тексереді.
Жедел шаралар нәтижесінде бірнеше күннен кейін Бәйдібек АПБ-нің полицейлері 15 шақырым жердегі орналасқан Қаратас жайылымында жоғалып кеткен жылқы үйірін тапты. Табылған жылқылар заңды иесіне қайтарылды, жәбірленуші азамат Бәйдібектің полицейлеріне үлкен алғысын білдірді.
– Мен жеті бас жылқымды жоғалтып, Бәйдібек ауданының полицейлерінен көмек сұрадым. Олар бірден жылқыларды іздей бастады және жоғалған малды тапты. Барша полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет! Өздеріңіздің арқаларыңызда жылқылар табылды!, – деді ауыл тұрғыны полицейлерге.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қырағы болу және малды жайылымда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді, өйткені сіздің малыңыз барымташылардың оңай олжасына әп-сәтте айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше, үй шаруашылығын сенімді қоршаумен қоршап, малды таңбалау және сырғалау қажет. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпастан, дереу полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.