Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық патрульдік полицейлер түнгі уақытта мал ұрлығының жолын кесті

Түркістандық патрульдік полицейлер түнгі уақытта мал ұрлығының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы ауданының тұрғыны Бәйдібек ауданынан мал ұрлап, Түркістан қаласына әкеліп, сатпақ болған.

Нақтырақ айтар болсақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Облыстың Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қала көшелерінде құқықтық тәртіпті сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында жұмылдырылып, іс-шараны атқаруда.

Аталған іс-шара кезінде патрульдік полицейлер күмән тудырған «ВАЗ-2107» көлігін байқайды. Тәртіп сақшылары көлік иесіне көлікті тоқтатуын сұрағанымен, жүргізуші бағынбай, жолдан бұрылып, қиылыстармен қаша жөнеледі. Сақшылар күмәнді көліктің соңынан қалмай жүреді. Осыдан соң көлік иесі тұрғын үйлердің бірінің алдына тоқтап, полицейлермен тілдеседі. Нәтижесінде патрульдік полицейлер жүргізушінің ұрланған малдарды көлігіне салып алып, облыс орталығындағы базарлардың біріне өткізбек болғанын анықтайды.

Яғни белгілі болғандай, Ордабасы ауданының тұрғыны болып шыққан күдікті ер азамат Бәйдібек ауданындағы жергілікті тұрғынның үш бас қойын түнгі уақытта 00:30-дар шамасында ұрлап алып, өз көлігімен Түркістанға әкеліп, сатпақ болған. Алайда түркістандық сақшылардың түнгі уақыттарда аумақтарды аралап жүргізетін рейдтерінің барысында, ойлары іске аспай қалды. Мал ұрлығының жолы кесілді. Бүгінгі таңда ұрланған қойлар иесіне қайтарылды.

Жәбірленуші тұрғын тәртіп сақшыларына өз алғысын айтты.

Бүгінде күдікті ретінде ұсталған ер азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістанның тәртіп сақшылары тұрғындарға қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Егер, сіз, мал ұрлығының болмаса басқа біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру