Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сайрамдық полицейлер тұрғынды алдаған алаяқты анықтады

Түркістан облысының полицейлері “әлеуметтік көмек алып беремін” деп, тұрғындарды алдаған шымкенттік алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-не жергілікті бірнеше тұрғын арызданып келеді. Олардың айтуынша, сырттай таныстары, мемлекет тарапынан берілетін “әлеуметтік көмек алып беремін” деп, әбден сендірген. Алаяққа иланып қалған төрт бірдей жәбірленуші қаржылай көмек алатын болдық деп, оның сұрағанын береді. Алайда бір айдан астам уақыт өтсе де, ешқандай нәтиже шықпаған. Алаяқ не көмек ақшаны шығарып бермеген, не тұрғындардың өз ақшаларын қайтармаған.

Аталған жайт АПБ-не 190-бап (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Полицейлер жәбірленушілерді алдап, ақшаларын жымқырып кеткен алаяқты ұстауға қатысты іс-шараларды жүргізді. Оны тұрғылықты мекенжайынан ұстап, АПБ-не жеткізді. Ол бұрын сотты болған, жұмыссыз Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жеңіл жолмен ақша табу мақсатында өзінің арам ойын іске асырған. Содан жәбірленушілерден 500 мыңға жуық теңге алған. Күдікті ер адамның бас шарасы “міндеттемеде”. Бүгінгі күні сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ескертеді: ешқашан күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз, кез келген адамға ақшаңызды бермеңіз. Алақтардың арбауына түсіп қалудан сақтаныңыз. Егер, сіз де алаяқтық қылмысының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, бірден “102” телефоны арқылы полицейлерге хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру