Қызылордада интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары туралы брифинг өткізілді
Қызылордада интернет-алаяқтыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған брифинг өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 ақпан күні әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде Қызылорда облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Тұңғышбай Еркін «Ақпараттық технологияларды қолданумен жасалатын алаяқтықтар» тақырында өткізілген брифингке қатысты.
2020 жылдың 12 айында Қызылорда облысы бойынша 644 алаяқтық қылмысы тіркеліп, оның 331-і (51,8%) интернет арқылы жасалған алаяқтық болды.
Облыс аумағында орын алған 331 интернет-алаяқтықтың тоғызы бойынша күдіктілер Қазақстан аумағынан тыс жерлерде, ал 173-і басқа өңірлерде тұрады.
Осыған байланысты, облыс аумағынан тыс жерде тұратын күдіктілерге қатысты сол өңірдің полиция органдарына тапсырмалар беріліп, жедел жұмыстар ұйымдастырылған.
Тіркелген қылмыстардың негізгі бөлігі интернетте (Олх, Колёса) тауарларды сату немесе қызмет көрсету туралы хабарлама орналастырумен байланысты. Алаяқтар өздерінің құрбандарын арзан бағамен, тауарды не қызметті тез жеткізумен қызықтырады. Сатып алушылардан жартылай немесе толық алдын ала төлем жасауды сұрайды, олардың шоттары үшінші адамдарға ресімделген.
Осы санаттағы қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықтар бар, өйткені қылмыскер үшінші адамдарға тіркелген әртүрлі банк карталарын, сондай-ақ әртүрлі абоненттік нөмірлерді пайдаланады. Олар көп жағдайда ақша қаражаттарын шешіп алу үшін басқа бір адамдарды пайдаланады. Аталған қылмысты ашу үшін заң жүзінде алынған деректерді мұқият талдау қажет, бұл нақты ұзақ уақытты талап етеді.
Қазір полиция қызметкерлері интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында іс-шаралар атқаруда. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін қандай сақтық шараларын қабылдау керектігі түсіндірілуде. Осы мақсатта халыққа қызмет көрсету орындары мен базарларда, сауда орталықтарында плакаттар жапсырылып, жадынамалар таратылған.
Брифинг барысында Тұңғышбай Еркін тұрғындарға интернет-алаяқтардан қорғану үшін төмендегі сақтық шараларына назар аударуды сұрады:
– Тауарларды интернеттен сатып алған кезде тауарларды тек тексерілген сайттардан сатып алуды қарастырыңыз. Бұл түпнұсқаға ұқсас сайт емес, ресми ресурс екеніне көз жеткізіңіз. Көбінесе қылмыскерлер түпнұсқаға ұқсас сайттарды жасайды, тек ресурстың сипаттамасын өзгертеді, танымал банктердің логотиптерін, сондай-ақ танымал брендтерді пайдаланады, бұл адамды алдаудың тәсілдерінің бірі. Бұл жағдайда, егер сізден тауар үшін алдын ала төлем сұралса, алдын ала төлем шарттарын мұқият оқып шығу керек. Алаяқ интернеттен тапқан немесе басқа адамнан алаяқтық жолмен алған жеке куәліктің фотосуретін жібереді.
Егер сіз басқа қаладан тауарға тапсырыс берсеңіз, туыстарыңыздан, таныстарыңыздан тауардың бар-жоғын және ұсынылған сипаттамаларға сәйкестігін тексеруді сұраңыз.
Кейде алаяқтар ұялы байланыс арқылы банктен қоңырау шалып, өзін менеджер немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырып, сіз туралы немесе сіздің шотыңыз туралы мәліметтерді сұрастырып жатады. Егер сіз осы ақпаратты алаяқтарға телефон арқылы хабарласаңыз, ақша қаражаты дереу банк картасынан шешіліп алынады. Осындай жағдайда байланысты тоқтатып, өз банкіңіздің жедел желісіне дереу қоңырау шалып, осы жағдай туралы хабарлау қажет. Банктің бірде-бір қызметкері клиенттерге қоңырау шалмайды және құпия деректерге қызығушылық танытпайды.
Инстаграмм арқылы тауарларды сатып алар алдында сатушының ресми мекен-жайын, сонымен бірге, бейнебайланыс арқылы құжаттарын тексеріп, көз жеткізу қажет.
«Сіз жеңімпаз атандыңыз, сізге арнайы сыйлығымыз бар немесе ақша ұтысы бар, құжаттың көшірмесін жіберіңіз» деген сияқты сөздерге сеніп, алаяқтарға құжаттардың көшірмесін жіберуге болмайды. Сіздің атыңыздан алаяқтар заңсыз іс-әрекеттер жасауы мүмкін.
Қызылордалық полицейлер интернет-алаяқтық фактілер бойынша жақын маңдағы полиция бөлімшесіне, «102» арнасына немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауды сұрайды.