ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев: Цифрлық технологиялар Қазақстандық полицияның жеделдігін арттыруда
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Орал қаласының Жедел басқару орталығының жұмысын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысына учаскелік пункттер мен стационарлық бекеттердің жабдықталуы көрсетілді. Министр жергілікті атқарушы органдардың полиция қызметкерлеріне қызмет атқару үшін қажетті жағдай жасауға қолдау білдіріп жатқанына оң баға берді.
– Қазіргі заманғы технологиялық әзірлемелерді күнделікті полиция қызметінде кеңінен пайдалану – Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды неғұрлым тез ашуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Біз цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз және оның әлеуетін барынша пайдалануымыз керек, – деді ІІМ басшысы.
Ел Президентінің тапсырмасы бойынша іске асырылатын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халық үшін қолжетімділікті арттыру мақсатында Министрлік «102 KZ» мобильдік қосымшасының көмегімен азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың жаңа процесін іске қосты. Бүгінгі таңда қосымшаны пайдаланып, бүкіл ел бойынша мыңнан астам адам көмек алды.
– Халықты қылмыстан қорғау, қауіпсіз және жайлы өмір сүру жағдайларын жасау үшін халықпен әрдайым байланыста болу, азаматтарымызға төнетін қауіптің алдын алу өте маңызды. Сондықтан ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметтің барлық саласында қолданылатын болады, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында министр ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның бірқатар нысандарын аралады. Олардың қатарында учаскелік полиция пункттері мен әскери бөлім бар.
Әскери қызметшілермен кездесу барысында министр Ұлттық ұлан бөлімшелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өңірдің ішкі істер органдары жүйесінің маңызды бөлігі болып табылатынын атап өтті.
Оралда Ерлан Тұрғымбаев адам көп жиналатын және криминогенді жерлерде орнатылған он жаңа модульді стационарлық полиция бекеттерінің бірін көрді. Министр полиция нарядтарында тәулік бойы қызмет атқару үшін қажеттінің бәрі бар екеніне көз жеткізді.
Соңында ІІМ басшысы Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесіп, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа міндеттер қойды.
Жұмыстарыңызға және жаңадан бастағалы жатырған проектілеріңізге сәттілік тілеймін!