Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстандықтардың Армениядан әкелген көліктерін тіркеу мерзімі ұзартылды

Қазақстандықтардың Армениядан әкелген көліктерін тіркеу мерзімі ұзартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан Республикасының азаматтарына тіркелген және 2020 жылғы 1 ақпанға дейін Қазақстан Республикасына әкелінген көлік құралдарын тіркеу бойынша жұмыс жүргізуде.

Қазіргі уақытта тіркеу шарттарына сәйкес 20 мыңнан астам автомобиль есепке қойылды.

Сонымен қатар, 1 мыңнан астам автокөлік иелеріне өз автомобильдерін тіркеуге немесе оларды елден тыс жерлерге әкетуге мүмкіндік бермеген бірқатар объективті себептер бар.

Атап айтқанда, күрделі эпидемиологиялық жағдайға және карантиндік шектеулердің ұзаққа созылуына байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеулерінің салдарынан автокөлікті Арменияға кері әкету проблемалары туындады.

Сондай-ақ, карантинге және аккредиттелген зертханалардың барлық өңірлерде болмауына байланысты кейбір автокөлік иелері қайта жабдықталған автомобильдерді уақтылы сынақтан өткізе алмады.

«Қаржы пирамидалары» бойынша қылмыстық істерді тергеуге байланысты иелерінің басым бөлігі адал сатып алушылар болып табылатын бірқатар автомобильдерді (автокөлік ломбардтардағы, микрокредиттік ұйымдардағы кепілдік мүлік болып табылады) пайдалану шектелген.

Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет биылғы жылдың 27 ақпанында осындай автомобильдерді тіркеу мерзімдерін 2022 жылғы 1 наурызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады (Үкіметтің №104 қаулысы).

Осылайша, Армения Республикасында тіркелген және біздің елге 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарының иелері – Қазақстан азаматтарына өз автомобильдерін есепке қою мәселелерін шешу үшін қосымша уақыт берілді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Армения Үкіметімен келісім бойынша Қазақстанда тіркеуден өткен осындай автомобильдердің иелерін Армениядағы салық міндеттемелерінен босату туралы үкіметаралық келісім ішкі және мемлекетаралық рәсімдерден өтуде.

Бұл шаралар автокөлік иелері үшін (Армения мен Қазақстанда) «қосарланған» салық салуды болдырмауға бағытталған.

Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің аталған шешімдерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдайтын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру