Петропавл полицейлері балалар велосипедін ұрлауда күдіктіні ұстады
Петропавл полицейлері балалар велосипедін ұрлауда күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласының тұрғыны үш дөңгелекті балалар велосипедінің жоғалғаны туралы арызымен полицияға жүгінген. Қызының «көлігі» Сәтбаев көшесіндегі үйдің подъезінен жоғалған. Келтірілген шығын 25 мың теңгені құрады. Облыс орталығы ПБ Екінші полиция бөлімінің қызметкерлеріне ұрлықты «ізін суытпай» ашуға бейнебақылау камералары септігін тигізген. Подъезде орнатылған «бұлтты» камера ұрлықтың жасалу сәтін, ал сапаржайдағы камералардың бірі ұрланған велосипедті сату сәтін тіркеген. Қызылжар ауданына бет алған ер адам «тауардың» қайдан келгенін сұрамастан, белгісіз адамнан 500 теңгеге велосипед сатып алған. Қылмысты жасауда күдікті, ішімдікті ішуді жөн көретін 51 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған мүлік алынды және тергеу әрекеттері аяқталған соң заңды иесіне қайтарылады.
– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осыған ұқсас қылмыстарды ашуда бейнебақылау камералары сенімді құрал болып табылады, – дейді Екінші ПБ бастығы Руслан Сыздықов. – Қала тұрғындарының назарына, қыста көпқабатты үйлердің подъездерінде қалдырылған велосипед қылмыскерлердің оңай олжасына айналатындығын ескертеміз. Қаскөйлер домофонмен қорғалған подъездерге ену үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданады: кез-келген пәтерге хабарласып, танысыма келіп едім дейді немесе есікті тұрғындардың бірі ашқанын күтіп тұрады. Қала тұрғындарын сақ болуға, мүмкіндігінше мүлікті кілттеп қоюға шақырамыз. Мәселенің келесі бір жағы – кейбір адамдардың күмәнді тауарларды қолдан сатып алуларында. Бұл істерімен олар қаскөйлердің қылмыстық әрекеттерді жасауына себепші болады.