Солтүстіктің полицейлері банк картасынан жасалған ұрлықты ашты
СҚО полицейлері банк картасынан жасалған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпан айының соңында Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғыны үйіне бөгде адамның кіргенін байқаған. Есіктегі құлып бұзылған, үйдің астаң-кестеңі шығып жатыр екен. Құжаттар мен банк картасы қолды болып, картадан 25 мың теңге жоғалғаны анықталды. Әйел аудандық полиция бөліміне жүгінді. Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Күдікті сол ауылдың бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін істі болған, алкогольдік ішімдікке әуес 42 жастағы тұрғын болып шықты. Бұл оқиғаға дейін жәбірленуші күдіктімен жанжалдасыпты. Оның сөзіне қарағанда, күдікті картадан ақшаны алу үшін аудан орталығында тұратын танысына жүгінген, құжаттар салынған әмиянді лақтырып жіберген. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша енгізілді. Қазіргі уақытта полицейлер ұрланған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылдауда.
– Жыл басынан бөтеннің мүлкін ұрлаудың бес фактісі тіркелді, оның төртеуі пәтер ұрлығы, – дейді Жамбыл ауданы ПБ бастығы Асан Мейрамов. – Олардың барлығы ашылды. Мүліктік қылмыстар біздің ерекше бақылауымызда.