Келестік полицейге тұрғындар алғыс айтты
Келестік полицейге тұрғындар алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің атқарған жұмыстарына тұрғындар тарапынан айтылар алғыстар легі таусылған емес. Оны өздеріңіз ТО ПД-ның ресми парақшаларынан, өзге де БАҚ-Тан көріп те, оқып та жүрсіздер. Мұның барлығы қиын да қауіпті салада қызмет атқаратындардың жұмыстарын одан әрі жандандыруына құлшыныс береді. Өзі атқарып отырған жұмысын мінсіз жасауға дағдыландырады.
Ел арасында алғыс арқалаған полицейлердің қатарында – келестік Нұржан Қилыбаев та бар. Олай деуімізге себеп, ол қызмет көрсеткен қандай да бір тұрғын болмасын тек алғысын айтып, жұмысына көңілдері толып қайтады. Мәселен, жергілікті тұрғын Насиба Файзуллаева Келес АПБ-на және Көші-қон қызмет тобының қызметкерлеріне інісінің құжатын аз уақыт ішінде жасап бергені үшін шынайы ризашылығын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, Насиб Файзуллин туылғалы бері қызыл паспортпен жүріп, ҚР азаматтығын алмаған. Сондықтан азаматтығын алу үшін Көші-қон қызмет тобының инспекторы полиция майоры Нұржан Қилыбаевқа арызданып, өтініш білдірген. Полиция майоры Нұржан, тез арада Н.Файзуллиннің азаматтығын анықтап, форма бес құжатын ҚР азаматтығын алу үшін дайындап берген.
Көші-қон қызметкері Н.Қилыбаевқа Шынайдар Бижігітұлы да өзінің ақжарма тілегін айтып, жұмысына табыс тіледі. Оның айтуынша, әкесі Абай ауылының тұрғыны Бижігіт Медетов бұрынғы құжатын жоғалтып алып, салдарынан ҚР азаматтығын алмай жүре берген. Осы жылы полицейлердің көмегіне жүгініп, құжатын заңдастырып алған.
Өз кезегінде тұрғын: – Әкемді ары-бері сандалтпай, жылдам құжаттарын жинақтап, реттеп берген Нұржан полицейге рақмет айтамыз!, – деп ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде Түркістан облысының поилцейлері азаматтарға құжаттарын заңға сәйкес жасап алуды ұсынады.