Шымкентте «ұрланған» қыз алып қашу операциясының болмағанын айтты
Шымкентте 3 наурыз күні орын алған «қыз алып қашу» операциясының кейіпкері өзіне қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерінің болмағанын, тек жігітімен ренжісіп қалғанын айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 3 наурызында сағат 20:00 шамасында Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына қаладағы қонақ үйлердің бірінің алдында «Lexus» маркалы автокөлікке белгісіз біреулердің жас қызды мәжбүрлеп салып алып, кетіп қалғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Жедел-тергеу тобы оқиға орнына дереу жетіп, мән-жайды анықтады. Әлеуметтік желілерге жүктелген бейнежазбаның кейіпкері болып табылатын 1999 жылы туған азаматша өзінің жігітімен ренжісіп қалғанын және оның көлігіне өз еркімен отырғанын, сондай-ақ ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін, куәгерлердің болған жағдайды дұрыс түсінбей, полицияға хабарлағанын жеткізді.