Саран қаласының тұрғыны біреудің жертөлесінен қармақтарын қолды қылған
Балық аулау маусымына ерте қамданған Саран қаласының тұрғыны көпқабатты үйдің жертөлесінен бірнеше қармақ пен балық аулауға қажетті құрал-жабдықтарды ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 наурыз күні Қарағанды облысы Саран қалалық полиция бөліміне 57 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Жәбірленуші белгісіз біреудің оның жертөлесіне кіріп, балық аулау маусымына дайындап қойған құрал-жабдықтары мен жеті қармағын ұрлап кеткені туралы айтқан. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы азамат ұсталды. Ол қылмысын мойындады, одан айғақ заттар тәркіленді.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.