Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бақташы жайылымдағы малдарды сатып жіберді

Түркістан облысының полицейлері бірнеше тұрғынның малын талан-таражға салған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ-на жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, ауыл сыртындағы мал бағатын бақташыға өзінің төрт бас жылқысымен қоса, екі бас сиырын уақытша бағуға берген. Алайда малдарын алып кетуге барғанында, бақташы олардың жоқтығын айтқан. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі бір миллион теңгеге жуық.

Аталған арыз Ордабасы АПБ-не тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) енгізілді.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары шұғыл әрекет етіп, тексеруді бастап кетті. Ауыл-аймақтың барлық жайылымдық жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан жауаптар алынып, сонымен қатар мал базарлар мұқият тексерілді. Жинақталған ақпарат көздері нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа күдікті жергілікті тұрғын, яғни бақташының өзі екендігін анықтады. Қазіргі таңда күдікті ер азамат қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ тергеу барысында, күдіктінің бұдан басқа тағы да екі жайтқа қатыстылығы анықталды. Олардың бірінің үш бас жылқысын, енді бірінің бір бас сиырын талан-таражға салған. Кейбір малдарды сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жаратып, кейбірін қарыздарына үлестіріп берген.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері мал жайылымында малдарыңызды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ өзіңізге жақсы таныс емес азаматтарға малыңызды сеніп тапсырмағаныңыз абзал. Ал, бақташыға сеніп тапсырылған төрт-түлігіңізді жиі тексеріп, қадағалап тұрғаныңыз жөн. Үй жануарларыңыз жоғалса немесе ұрланса, онда сіз, уақыт жоғалтпай шұғыл түрде полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде қылмыскерлердің ізін суытпай құрықтауға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру