Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі баяндама жасады

Түркістан облысының бас полицейі мәслихат депутаттары алдында баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында Облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісі өтті. Аталған жиында Түркістан облысы ПД-ның бастығы Қайрат Дәлбеков 2020 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады.

Генерал өз есебінде: – Түркістан облысы республика көлемінде қылмысы аз облыстардың қатарында. Бұл біз атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Десек те, Түркістан облысының полицейлері одан да жақсы нәтижеге қол жеткізу мақсатында қарқынды қызмет ететін болады!, – деп атап өтті.

Сонымен қатар Қайрат Дәлбеков халық қалаулыларына облыс аумағында құқық бұзушылықтың алдын алуға оңды септігін тигізетін өзекті мәселелерді шешуге ұсыныстарын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, қосымша Түркістан, Жетісай, Мақтаарал және Сайрам қала, аудандарына уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталықтарын, оған қоса Түркістан, Сайрам және Сарыағаш қала, аудандарына оңалту орталықтары қажет екендігі айтылды. Одан бөлек, генерал, Түркістан, Сарыағаш, Жетісай, Сайрамда жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және панасыз қалудан қорғау мақсатында жасөспірімдерді бейімдеу орталықтарын ашуды алға тартты. Түркістан қаласына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған мекеме ашуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық Ұланының әскери бөлімін ашу барысында бірлесе қызмет атқаруды ұсынды.

Өз кезегінде мәслихат депутаттары полицейлердің атқарған қызметіне оң бағасын беріп, бас полицей тарапынан айтылған ұсыныстарға қолдау білдірді. Қылмыссыз қоғам құруда жұмыла отырып, әрекет жасайтындықтарын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру