Түркістандық қылмыс үстінде ұсталды
Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторы қанды оқиға кезінде пышақпен қаруланған күдіктіні қылмыс үстінде құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми «Instagram» парақшасының мессенджеріне Түркістан қаласының тұрғыны Жасур Жұмабай есімді жігіт хабарласып, қанды оқиға орын алғанын және сол кезде Нұрлан есімді полиция қызметкерінің батырлық әрекетіне куә болғанын, сол үшін полицейге алғыс айтқысы келетінін жеткізген.
Осыдан соң күнделікті мониторинг жасайтын департамент қызметкерлері оқиғаның куәгеріне парақшаға қалдырған телефон нөмірі бойынша хабарласты.
Яғни қанды оқиғаның куәгері Түркістан қаласының тұрғыны Жасурдың айтуы бойынша, ол Түркістаннан Кентау қаласына қарай өз көлігімен түнгі уақытта кетіп бара жатқан сәтте жол бойында жиналып тұрған бір топ адамдарды көріп, тоқтаған.
– Жол-көлік оқиғасы болды ма, неге адамдар жиналып тұр деп мен де тоқтап, жақындадым. Бір жігіт жолдың ортасында екінші бір жігіттің мойнына пышақ сұғып, үстіне отырып алып, жібермей тұр екен. Сол жерде тұрған басқа да куәгерлермен бірге екеуін ажыратпақ болып, оның ұстап алған жәбірленушісін құтқарғымыз келіп жақындай бергенімізде, қолындағы пышағын бізге сермеп, жақындасаңдар барлығыңды өлтіремін деп маңына да жолатпады. Қорыққанымыздан не істерімізді білмей қалдық. Полиция мен жедел жәрдемге хабар бердік. Сол сәтте біздің жанымызға көлік келіп тоқтады да, ішінен бір полиция қызметкері шықты. Жүгіріп барып, қылмыскердің қолынан шап беріп, пышағын алып, оның қарсыласқанына қарамастан қолын қайырды. Осылайша көз алдымызда біз дауаламай тұрған оқиғаны бірден тоқтатты. Сәлден соң басқа да полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем келді. Біз бірнеше адамдар сол кезде өз-өзімізге әрең келіп, полицейдің қолын қысып, рақмет айттық. Рақмет саған, атың кім деп, тек қана атын сұрап үлгердік. Есімі – Нұрлан екен. Содан соң ол «біздің жұмыс қой бұл» деді де, кетіп қалды. Осы бір оқиға көз алдымда болғандықтан полицейдің жасаған іс-әрекеті есіме түсіп, қалай да оны тауып, ризашылығымды жеткізуім керек деп ойладым. Осы сәтте ҚР ІІМ-не осындай батыр полицейлерді жұмысқа алып, тәрбиелегендері үшін алғыс айтамын. Нұрлан сияқты полицейлер көп болсын!
Бұл оқиға 2021 жылдың 12 наурызынан 13 наурызына қараған түні сағат 23:30 шамасында болған. Нақтырақ айтар болсақ, сол күні Түркістан облысы Кентау қаласының полиция бөліміне учаскелік полицей күдіктіні құрықтап, жеткізді.
Куәгер баяндағандай оқиға өте жылдам болған. Ал қылмыскерді құрықтаған полицей бүгінде Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік полицейі Нұрлан Абдиев.
– Учаскелік полицей болғандықтан сол күні түнгі шақырылымнан шығып, қызмет бабымен әріптесім учаскелік полиция инспекторы Біржан Әбубәкірмен бірге Түркістан қаласына кетіп бара жатқан едік. Қарасақ жолдың ортасында адамдар жиналып тұр, жанында көлік тоқтап тұр екен. Анықтап қарасам, белгісіз бір азамат қолында пышағы бар, екінші бір жігіттің үстіне шығып алып, жібермей тұр. Бергі жағында адамдар жақындай алмай, үрейленіп тұр екен. Көлік тоқтай салысымен бірден түстім де, қылмыскердің сөзін тыңдамастан бірнеше әдіс-тәсілдерімді қолданып, әркез шынығып жүргеннің арқасында оны құрықтап үлгердім. Басқа да куәгерлерге зиянын тигізбесін деп әріптестерім келгенше ұстап отырдым. Күдіктінің қолына кісен салып, полиция бөліміне жеткіздік. Сол сәтте куәгерлер келіп қолымды қысып, алғыс айтты. Бірақ мен бұл әрекетімді батырлық деп есептемеймін, мен тек өз қызметімді атқардым. Бізді қызметке алғаш қабылдағанда «Сендер жұмыста болсаңдар да, болмасаңдар да қылмыс орын алса, сол сәтте тиісті әрекетті жасап, оқиғаның өршімеуіне ықпал етулерің керек. Өйткені сендер полицейсіңдер» деп үйреткен. Сондықтан мен өз міндетімді атқардым.
Ұсталған күдіктінің Кентау қаласының жергілікті тұрғыны және бұрын сотты болғаны анықталды. Ол жолаушы ретінде көлігінің артқы жағында отырған жігітті жол бойына шығарып алып, мойнынан пышақ сұққан. Күдіктінің қолынан жарақаттанған жігіт, ауруханада көз жұмды.
Қазіргі таңда учаскелік полицей құрықтаған күдікті қамауда, оған қатысты Кентау ҚПБ-да ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.