ІІМ ТМД елдеріндегі әріптестерімен бірлескен «Іздестіру» операциясын өткізді
17-18 наурыз аралығында ТМД елдерінің ІІМ-мен бірге «Іздестіру» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның негізгі мақсаты – мемлекетаралық және халықаралық іздестірудегі тұлғалардың жүрген жерін анықтау және ұстау, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен тұлғаларды және танылмаған мәйіттерді анықтау болып табылады.
Операция барысында іздестірудегі 273 қылмыскер анықталып, ұсталды, соның ішінде адам өлтірген – 6, денсаулыққа ауыр зиян келтірген – 5, қарақшылық шабуыл жасаған – 2, адам тонаған – 8 қылмыскер іздеп табылды, соның ішінде:
– республикадан тыс жерлерде – 31 (Ресейде – 13, Қырғызстанда – 7, Өзбекстанда – 4, Түркияда – 3, Әзірбайжанда – 2, Тәжікстанда және Украинада 1-ден);
– Достастық мемлекеттері үшін – 100 (Ресей – 74, Қырғызстан – 12, Өзбекстан – 9, Тәжікстан – 4 және Беларуссия – 1).
Бұдан басқа, 94 хабар-ошарсыз жоғалған, оның ішінде республикадан тыс жерлерде 2 (РФ аумағы мен Қырғызстанда 1-ден) анықталды.
Мәселен, Алматы қаласының Полиция департаментінде 2017 жылдың мамырынан бастап жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін іздеуде болған 36 жастағы іздестірудегі азамат Өзбекстан Республикасының Кашкадарья облысында ұсталды.
Қаржы пирамидасын құру және басқару үшін іздестіру жарияланған үш күдікті Ресей Федерациясының Иркутск облысы мен Татарстан Республикасында ұсталған.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті 2016 жылдың ақпанында ірі көлемде алаяқтық үшін іздеу жариялаған банктің қызмет көрсету орталығының бұрынғы бөлім бастығы Бішкек қаласында ұсталды.
Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Тәжікстан Республикасында адам өлтіргені үшін 2006 жылдың қыркүйегінен бастап іздестіруде болған Тәжікстан азаматын ұстады.
Қостанай облысында 36 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды, оған екі адамды өлтіргені үшін 2020 жылғы қазанда Ресей Федерациясының Қорған облысы бойынша ІІМ басқармасы іздестіру жариялаған.
Сондай-ақ, Жамбыл облысының полиция қызметкерлері 2000 жылдың наурызынан бастап Қырғыз Республикасының Шу облысы ПБ-да адам өлтіргені үшін іздеуде болған еліміздің азаматын ұстады.
Ақмола облысының полицейлері 2017 жылдың тамыз айынан бастап Ресейдің Свердлов облысында қасақана шабуыл жасағаны үшін іздеуде болған 33 жастағы ер адамды ұстады.