Сарыағашта карантин кезінде жұмыс істеп тұрған мейрамхананың жұмысы тоқтатылды
Сарыағашта карантинге қарамастан өз жұмысын жалғастырған мейрамхана анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин енгізілгені баршамызға белгілі. Десек те, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, аудандағы кафе, барлар, банкет залдарды арнайы тексерді. Тәртіп сақшылары осындай олқылықтарды дер кезінде анықтап, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Мәселен, Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері кешкі уақытта рейд жүргізу барысында, Сарыағаш-Жетісай тас жолының бойында орналасқан мейрамхана түнгі уақытта жұмыс істеп жатқанын анықтады. Аталған мейрамханада 30-ға жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жиынды тоқтатқан.
Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамауымен қатар, карантин талаптарын елемеген тойхана әкімшісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға, яғни Сарыағаш аудандық СЭББ-ға жолдады.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанған жөн.