БҚО-да 18 жыл бойы төлқұжатсыз жүрген екі ағайынды жігіт құжаттанды
БҚО-да 18 жыл бойы төлқұжатсыз жүрген екі ағайынды жігіт құжаттанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ-нің бұйрығымен БҚО Полиция департаментінің полицейлері КСРО құжатымен жүрген азаматтарға, уақытында құжатын белгілі бір себептермен ала алмай қалған азаматтарға көмектесіп, құжаттандыруда.
Мәселен, БҚО ПД Теректі ауданы полиция бөлімі Көші-қон қызметі арқылы 1987 жылы және 1990 жылы туған екі ағайынды құжаттанды. Олар 18 жылдан бері жеке басты куәландыратын құжатты ала алмай келген. Отбасылық жағдайға байланысты жəне ата-ананың салғырттығынан осы уақытқа дейін құжатсыз жүрген. Осы мәселені шешу үшін жігіттер БҚО Теректі ауданы полиция бөлімі Көші-қон қызметі тобының инспекторы Əділбек Баймұхановтың көмегіне жүгінген.
Ол кәсіби шеберлігінің арқасында аталған мәселені тез арада шешіп, азаматтарға 18 жыл бойы күткен құжаттарын ресімдеуге көмектескен.
Ағайындылар Әділбек Махамбетұлына өз міндеттерін адал атқарғаны үшін алғыстарын айтып, БҚО ПД Көші-қон қызметі тарапына жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, ҚР ІІМ тапсырмасымен БҚО аумағында құжатсыз жүрген адамдарды құжаттандыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Мәселен, БҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы және Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі казақстандық халықаралық бюро құжатсыз тұратын тұлғаларды құжаттандыру үшін 2020 жылдың 24 қыркүйегінен бастап арнайы акция өткізіп келеді. Акция басталғалы бері БҚО аумағында 84 адам жеке басты куәландыратын құжатқа ие болды. Оның ішінде 1974 жылғы үлгідегі паспорттар бойынша – 52 адам, туу туралы куәліктер бойынша – 32 азамат.