Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Келесте такси жүргізушісінен тапанша табылып, тәркіленді

Түркістан облысында кіші жедел басқару орталығының көмегімен таксист заңсыз алып жүрген тапанша тәркіленіп алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келестік полицейлер күні-түні қоғамдық қауіпсіздік пен елдің тыныштығын сақтау мақсатында, рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізіп отырады. Қылмыстарды, құқық бұзушылықтарды болдырмау, жол апаттарының алдын алу мақсатында тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп келеді. Жедел басқару орталығымен де түрлі қылмыстар анықталып, ашылуда.

Мәселен, Келес АПБ-не қарасты кіші жедел басқару орталығының кезекті жұмыс күнінде Шымкентке қатынайтын таксилер тұратын тұрақта, бір көлік жүргізушісінің басқаларға тапаншасын көрсетіп тұрған бейнежазбасын байқап қалады. Содан тұрғында қарудың қайдан жүргені, заңды немесе заңсыз екендігін анықтау мақсатында сол аумаққа белгіленген учаскелік инспектор оқиға орнына шығып, іздестіру жұмыстарын жүргізеді.

Келес АПБ Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Мейіржан Тастемір, күмәнді «Ниссан Тиано» маркалы көлікті табады. Оның көлігін тексеру кезінде заңсыз «AGENT Револьвер» маркалы тапанша атыс қаруы табылып, айғақты зат ретінде тәркіленіп алынады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді. Күдікті тұрғын өз жауабында қаруды тауып алғанын жеткізді. Құжатсыз қару тәркіленіп алынып, сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысымен тапаншаның газды атыс қару екендігі белгілі болды. Ер адамның бас шарасы «қолхатта».

Жалпы Келес аудандық полиция бөліміне қарасты кіші жедел басқару орталығымен жыл басынан бері бұдан бөлек екі қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның біреуінде жол-көлік оқиғасын жасап, қашып кеткен тұрғын құрықталса, екіншісінде Сарыағаш ауданында болған тонау қылмысына қатысты күдікті анықталып ұсталған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау және алып жүргені үшін қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылғанын еске салады. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына ерікті түрде тіркелмеген қаруды ішкі істер органдарына тапсыруға кеңес береді. Егер де сіз қаруды заңсыз сақтау мен сату жайттары туралы ақпарат білсеңіз, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру