СҚО-да балық аулау қағидаларын бұзған 22 құқық бұзушы жауапқа тартылды
Уылдырық шашу кезеңі басталғаннан бері СҚО-да балық аулау қағидаларын бұзған 22 құқық бұзушы жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аңшылар маусымның ашылуына дайындалып жатса, балықшыларға қармақтарын жинауларына тура келеді. СҚО ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері көктемгі аңшылық маусымының мерзімі мен уылдырық шашу кезіндегі шектеулер туралы хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ақпараты бойынша, 2021 жылғы 24 сәуірдің таңынан бастап 8 мамырға дейін тек құрлар мен жабайы үйректердің аталығын аулауға рұқсат беріледі (Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлерінен басқа). Тиісті рұқсат болуы қажет.
Судың жағасында демалатындар Есіл өзені бассейнінің су қоймаларында келесілерді аулауға тыйым салынатынын мықтап есте сақтағандары жөн:
– шортан, аққайран мен көксерке — 15 сәуірден 15 мамырға дейін;
– сазан (тұқы) — 20 мамырдан 20 маусымға дейін;
– гаммарус — 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін;
– цист артемии — 1 наурыздан 15 маусымға дейін;
– өзен шаяндары — 1 маусымнан 15 шілдеге дейін.
Сондай-ақ Есіл өзенінде, облыстың барлық өзен тармақтары мен жасанды суқоймаларында 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынады.
– Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп браконьерлік фактілерінің алдын алу, аңшылық және балық аулау қағидаларын сақтау бойынша рейдтік іс-шараларды өткізеді, — деп хабарлайды СҚО ПД ЖПҚ басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асхат Қожабаев. – Көктемде облыстағы биологиялық алуандықты сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. СҚО-да 15 сәуірден бастап 22 балық аулаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Табиғат аясында демалуды ұнататындардан заңнаманы қатаң сақтауды сұраймыз. Жеке тұлғаларға балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін 10-нан 40 айлық есептік көрсеткіш, аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін 5-тен 70-ке дейін АЕК айыппұл көзделгенін еске саламыз. Айтарлықтай шығын келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады: заңсыз аң аулағаны үшін – үш мың АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Балық ресурстарын заңсыз аулағаны үшін – үш мың АЕК 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.