Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицейлер жылқы ұрлаған күдіктіні ұстады

Түркістан облысында полицейлер жылқы ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шардара ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын түнгі уақытта белгісіз адамдардың жайылымда жүрген екі жылқысын ұрлап кеткені туралы арызданған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді, жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы сомасы 800 мың теңгені құрады.

Мал ұрлығын ашу мақсатында Шардара АПБ-нен аса тәжірибелі полицейлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды, жедел уәкілдер учаскелік инспекторлармен бірге жақын маңдағы барлық жайылымдар мен шаруашылық аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, үй малын тасымалдайтын автокөліктерді мұқият тексеріп, барымташыларды іздестіру және ұстау бойынша басқа да іс-шараларды жүзеге асырды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Шардара АПБ полиция қызметкерлері күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды ұстады. Ұсталғанды аудандық полиция бөліміне жеткізді. Күдікті мал ұрлығын пайдакүнемдік мақсатта жасағанын мойындады.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жайылымда жүрген жылқыларды ұрлап, қылмыс орнынан қашып кеткен. Содан кейін ол ұрланған малды сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсамақ болған. Алайда қырағы полицейлер дер кезінде қылмысты анықтап алдын алған. Ұрланған жылқыларды тәртіп сақшылары тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Полицейлер оқиғаның мән-жайын және мал ұрлығының басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болуға және үй малын қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Егер сіз біреудің мүлкін ұрлаудың немесе мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру