Петропавл полицейлері құрылыс басында түнгі тыныштықты бұзғаны үшін бригадирді жауапқа тартты
Петропавл полицейлері құрылыс басында түнгі тыныштықты бұзғаны үшін бригадирді жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сәуірдің 28-не қараған түні сағат 24 шамасында Жамбыл көшесі бойындағы үйлердің тұрғындарынан тыныштықты бұзу туралы шақырту келіп түсті. Жақын маңдағы құрылыс аумағында, көпқабатты үй салынып жатқан жерде, түннің бір уағына дейін құрылыстың шуы адамдардың ұйқысын қашырған. Аумаққа қызмет көрсететін №2 учаскелік полиция пунктінің инспекторы Айдар Ғазиз құрылыс алаңына келіп, түнгі уақытта жұмыс істеп жатқан үш жұмысшыны көреді. Олар бригадирдің тапсырмасын орындап жатырмыз деп түсіндірген.
– 44 жастағы бригадир бұл уақытта үйінде болған, оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша хаттама толтыру үшін оқиға орнына шақыртуға тура келді, – дейді Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин. Түнгі қаладағы шу үлкен мәселе болып қала береді. Жыл басынан облыс орталығында осындай 938 факті тіркелген. Заңнамамен сағат түнгі 23.00-ден кейін, ал демалыс күндері сағат 22.00-ден кейін шулауға тыйым салынған.
Айта кететіні, соңғы екі тәулікте облыста полицейлер тыныштықты бұзудың 29 шақыртуына шықты. Бұл қазір өткізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары нәтижелерінің бірі. Іс-шара аясында барлық бағыттар бойынша күшейтілген жұмыс жүргізілуде. Учаскелік полиция инспекторлары есептегі 1300 тұлғаны тексерді, олардың тараптарынан белгіленген талаптардың 26 бұзушылығы анықталды. Барлығы 967 түрлі құқық бұзушылық анықталды. Ең көп кездесетіні – спирттік ішімдіктер ішу мен қоғамдық орындарда масаң күйде жүру (187 факті) және ұсақ бұзақылық (77 факті).