Түркістан облысында жанжалдан соң үйінен кеткен жасөспірім қыздар табылды
Түркістан облысында жоғалған екі бірдей жасөспірім қыз табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша түнгі сағат 23:00 шамасында үйіне қыдырып келген 15 жастағы қайнысының қызы мен 14 жастағы өзінің қызы үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Тәртіп сақшылары хабар алысымен жасына толмаған екі бірдей қызды табуға бірден кірісті. Баруы мүмкін деген аймақтарды жіті бақылап, барлық туыстары мен достарынан жауап алды. Осылайша полицейлер табандылықпен жасалған жұмыстарының нәтижесінде небары тәулік ішінде жоғалған екі қызды Жетісай қаласындағы саябақтардың бірінен тапты.
Белгілі болғандай, қыздар жоғалардан бұрын отбасында ата-анасының арасында жанжал туындаған. Осының салдарынан екі қыз өзара ақылдасып, үйден кетіп қалуды көздеген. Содан соң барлығының ұйықтағанын күтіп, өздерінің жинап жүрген ақшаларын алып, Жетісай қаласына қарай бағыт алған. Осылайша екі қыз саябақтардың бірінде паналаған.
Өз кезегінде жасөспірім қыздардың аман-есен табылғанына қуанған анасы Мақтаарал АПБ-нің қызметкерлеріне жеделділігі үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар қыздарыңызбен сырласып, ойын толық тыңдауға шақырады.
Балаларыңыз немесе жақындарыңыз адасып, жоғалған жағдайда, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыздар.