Жоғалған ұялы телефонын тауып берген түркістандық полицейлерге тұрғын алғыс айтты
Жоғалған ұялы телефонын тауып берген түркістандық полицейлерге тұрғын алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ға ұрлықтың құрбаны болған қыз арызданып келген. Оның айтуынша, түнгі сағат 00:30-01:30 аралығында Мақтаарал ауданының бақтарының бірінде құрбыларымен қыдырып жүрген. Сол сәтте бақ ішіндегі орындықтардың бірінде Samsung А30 ұялы телефонын ұмытып қалдырып кеткен. Өз бетінше іздеп таба алмаған соң тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Жәбірленуші қызға келтірілген жалпы шығын көлемі 125 мың теңге. Аталған жайт Мақтаарал АПБ-да ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Полицейлер хабар алысымен оқиға орнына жедел жетіп, жоғалған ұялы телефонды іздеуге бағытталған шаралардың барлығын жүргізді. Айналаны бір шолып, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Қыздың ұялы телефонына қоңырау шалды. Алайда ол сөніп тұрғандықтан, табу оңайға түспеді. Осылайша полиция қызметкерлерінің қайтпас қызметтерінің арқасында жоғалған ұялы телефон жергілікті тұрғынның үйінен табылды. Тұрғынның айтуынша телефонды бақ ішінен тауып алған. Содан соң оны пайдалану мақсатында өзімен алып кеткен.
Өз кезегінде тәртіп сақшыларының атқарған қызметтеріне риза болған жас қыз полицейлерге алғысын айтты.
– Мен ұялы телефонымды жоғалтып алдым. Содан соң өзім іздедім. Бірақ таба алмадым. Ал полицейлер бірден тауып берді. Жұмыстарына сәттілік тілеймін. Үлкен рақмет, – деп шынайы ризашылығын білдірді.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері ескертеді: Өз мүліктеріңізге сақ болыңыздар. Қандай да бір қылмыстық оқиға орын алса, бірден «102» нөмірі арқылы полиция қызметкерлеріне хабарласыңыздар.