«Жұмысқа тұрғызып беремін»: Түркістанда 6 тұрғынды алдап кеткен алаяқ ұсталды
Түркістан қаласында орын алған кезекті алаяқтық қылмысы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Оның айтуынша, 2020 жылдың қазан айында өзіне таныс емес біреу емханаға мейірбике қызметіне тұрғызып беретінін айтып, әбден сендіріп, ол үшін тұрғыннан 600 мың теңге қаражат алған. Содан бүгінгі күнге дейін жұмысқа тұрғызбаған, ақшасын сұрағанымен қайтармаған. Аталған жайт СДТТБТ-ға енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жәбірленушіден жауап алып, куәгерлерден сұрастырды. Нәтижесінде күдікті деп танылған жергілікті тұрғын ер адам анықталып, басқармаға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті бұдан өзге тағы алаяқтықтың бес жайтына қатысы бар болып шықты. Яғни, алты тұрғынды жұмысқа тұрғызамын деп алдап, екі миллион теңгедей ақша алып, оны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде. Ұсталған жігіт қамауда.