Алматы облысында полицейлер масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстады
Алматы облысында полицейлер масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көксу ауданының тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқару барысында Mitsubishi Pajero автокөлігін мас күйінде басқарған жүргізушіні анықтады.
Ағымдағы жылдың 17 шілдесінде полицейлер «Алматы-Өскемен» тас жолымен солтүстік бағытта келе жатқан Mitsubishi Pajero көлігін тоқтатқан. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында көлік тізгінін ұстаған азаматтың масаң күйде екені белгілі болған.
– Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес 36 жастағы жүргізушінің «орта дәрежедегі» масаң күйде екені анықталды. Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беру) әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік айыптұрағына қойылды. Соттың шешімімен масаң күйде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлады Көксу АПБ-нің бастығы Рамиль Гимадиев.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары жүргізушілерге автокөлікті масаң күйде басқарудың өзіңіздің өміріңізге ғана емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің өміріне де қауіп төндіретінін еске салады. Жол ережелерін сақтай отырып, сіз өзіңіздің де,өзгенің де өмірін сақтай аласыз!