Түркістан облысының полицейлері тұрғынның жоғалған жылқыларын тауып берді
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның жоғалған жылқыларын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, жайылымда жүрген алты бас жылқысының жоғалып кеткенін айтып көрсеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты бірден тіркеуге алып, іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ учаскелік полицейлер айналаны бір шолып шығып, жоғалған алты бас жылқыны табуға бағытталған барлық жұмыстарды атқарды. Куәгерлерден жауап алып, алыс-жақын жердегі жайылымдық жерлерді тексерді. Осылайша жүргізілген тыңғылықты іс-шаралардың нәтижесінде жоғалған жылқылар 10 шақырым жердегі жайылымда жайылып жүрген жерінен табылды. Осы тұста малдарының аман-есен табылғанына риза болған малдың иесі полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
– Менің жоғалған жылқыларымды тауып берген барлық полицейлерге алғысымды айтамын. Күні-түні малымды іздеген полиция қызметкерлері еңбектеріңіз елене берсін, – деді жергілікті тұрғын.