Алматы полициясы мектептердегі қауіпсіздік туралы айтты
Алматы полициясы мектептердегі қауіпсіздік туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұған дейін ҚР ІІМ бастығы Ерлан Тұрғымбаев білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жедел кеңесте ІІМ мен аумақтық Полиция департаменттерінің басшыларына, барлық білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелері, қызметкерлер мен келушілерді ескерту құралдары, дабыл түймелері, ұрлық дабылдары мен физикалық қауіпсіздік бойынша тексеруді тапсырды.
– Нұсқау аясында Білім басқармасымен бірге қаладағы барлық мектептерді тексеру үшін дереу комиссия құрылды. Қазіргі уақытта Алматыда барлық оқу орындары 100% бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, ол бес мыңға жуық камераны қамтиды, 187 мектеп ПД Жедел басқару орталығының басқару пультіне қосылған. Сонымен қатар білім беру мекемелеріне жүргізілген сауалнама қаланың барлық мектептерінде дабыл түймелері орнатылғанын және жұмыс істейтінін, күзет агенттігіне дабылдың баратынын көрсетеді. Сондай-ақ білім беру мекемелері дабылмен жабдықталған, оларда дауыс күшейткіш байланыс жүйесі де бар, білім беру мекемелерінің әкімшілік ғимараттарына кіруді бақылау мен басқаруға арналған қондырғы орнатылған, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.