Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері мүмкіндігі шектеулі және құжаты жоқ азаматтарға жаңа төлқұжат рәсімдеп берді

Түркістан полицейлері мүмкіндігі шектеулі және құжаты жоқ азаматтарға жаңа төлқұжат рәсімдеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде облыста ҚР азаматтарының құжаттарын рәсімдеу немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды куәландыру, мәртебесі реттелмеген адамдарды, яғни 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген тұлғаларды анықтап, құжаттандыру мақсатында арнайы акция өтуде. Аталған шараны көші-қон қызметі бөліністері мен учаскелік полиция қызметкерлері бірлесе өткізіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Акция аясында көші-қон қызметі тобының инспекторы құжаты жоқ, немесе мерзімі өткен тұлғаларды анықтап, құжат алуына қажетті көмектер көрсетті. Тәртіп сақшылары тарапынан құрылған арнайы мобильдік топ жүріп-тұруы қиын азаматтардың үйлеріне барып, суретке түсіріп, құжаттарын рәсімдеген.

Мәселен, Түркістан облысында ерлі-зайыпты қажы Қараман атамыз бен Жарқын анамыз полицейлерге өздерінің төлқұжатының мерзімі өткенін хабарлаған. Қарттарымыздың жүріп тұруы қиын болғандықтан, полицей Роза Жумадуллаева жаңа төлқұжаттарын рәсімдеп, үйлеріне апарып берді. 82 жастағы атамыз бен 76 жастағы кейуанамыз Шардара ауданында тұрады. Қазіргі таңда Қараман атамыз екі қыз, төрт ұл, 44 немере, 62 шөбере сүйіп отыр.

Бүгінде көпті көрген көнекөз ақсақал Қараман Қойайдаров полиция қызметкерлерінің атқарған жұмысына өз ризашылығын білдіріп ак батасын берді.

– Көші-қон қызметкерлеріне, Шардара ауданының полиция басшыларына рақмет айтамын. Ел арасында абыройлы болыңдар. Өсіріп отырған бала шағаларыңның қызығын көріңдер. Бізді әуре қылмай, шаршатпай, рәсімдеп жаңа куәлікті үйімізге әкеліп берді, – деді ол.

Сонымен қатар шардаралық полицейлер осындай игі істі әрі қарай жалғастырды. Атап айтсақ, Шардара ауданында тұратын мүмкіндігі шектеулі екі азамат шетелден ем қабылдаулары керек болған. Алайда тұрғындардың шет елге шығатын құжаттары болмаған. Бұл хабарды естіген шардаралық көші қон қызметінің полицейлері бұл азаматтарға жаңа төлқұжат рәсімдеп үйлеріне жеткізді. Полицейлердің бұл көмектеріне қуанған тұрғындар алғыстарын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру