Түркістан облысында 19 дана тауық етін ұрлаған егде жастағы тұрғын анықталды
Түркістан облысында 19 дана тауық етін ұрлаған егде жастағы тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Онда жәбірленуші азаматтың аудан орталықтарының бірінде орналасқан тамақтану орнынан белгісіз біреу бір қорап тауық етін ұрлап кеткендігі туралы көрсетілген. Келтірілген шығын көлемі 15 000 теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.
Полиция қызметкерлерінің тыңғылықты жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде бірнеше мекемелердің бейнебақылау камерасына түсіп қалған егде жастағы ер адам анықталды. Полицейлер жинақталған ақпарат көздері бойынша күдіктіні тұрғылықты жерінен қолға түсірді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, жәбірленуші тамақтану орнына бір қорап, яғни 19 дана тауық етін алдырған. Содан соң оның мұзын еріту мақсатында есік алдындағы күн көзіне қойған. Осы сәтте жұмыстан үйіне бет алған күдікті тауық етін көріп, алып кетуге арам ойы туындаған. Осылайша, өзінің басқаруындағы велосипедтің артқы бөлігіне тауықты салып, пайдасына асыру мақсатында алып кеткен.