“Пәтер алуға көмектесемін”: қызылордалық алаяқ тұрғынды 3 млн теңгеге алдап кетті
Қызылордалық алаяқ тұрғынды 3 миллион теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасы Ақсай полиция бөліміне 15 қыркүйек күні алаяқтың құрбаны болған қала тұрғыны арызданған. Арызданушының айтуы бойынша, белгісіз азаматша қала аумағындағы Мөлтек аудандардың бірінен жаңа пәтер алып беремін деп сеніміне кірген. Келтірілген материалдық шығын 3 миллион теңге. Аталған әйел бүгінгі күнге дейін уәде етілген несиелерін де, ақшаларын да қайтармаған.
Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде қала тұрғыны ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі таңда алаяқтың басқа да істерге қатыстылығы анықталуда.