Қарағандыда қаржы пирамидасын құрған адам 5 жылға сотталды
Қарағандыда қаржы пирамидасын құрған адам 5 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың қыркүйек айында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 217-бабына сәйкес (Қаржы пирамидасын құру және басшылық жасау) 34 жастағы азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
2019 жылы алаяқ ұялы телефондағы мобильдік қосымша арқылы чат құрып, ол жерде яки жаңадан құрылған инвестициялық жоба бойынша жалған ақпарат таратқан. Ол жерде қаскөй азаматтарға инвестициялық биржаға ақша салу арқылы салынған ақшаны екі есе қылып қайтарып алатындығы туралы мәліметтер таратқан. Бұл алаяқтық әрекетті жасардың алдында 34 жастағы күдікті маркетингтік жоба жасап, салынған ақшалармен бір ұйымның акциясын сатып алып, келесі ұйымға сату туралы жоспарлар ұйымдастырған. Қылмыстық істі тергеу барысында облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушілері екі жыл бойы күдіктінің барлық кінәларын дәлелдейтін материалдар жинақтады.
– Күдікті азамат өзінің туыстары мен таныстарының банк карточкаларын қолдану арқылы азаматтардан түскен қаражаттарды қабылдап отырған. 2019 жылдың 27 қазанында аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 217-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық істі тергеу барысында полиция қызметкерлерімен 67 жәбірленуші анықталды. Оларға келтірілген шығын көлемі 51 миллион 435 мың теңгені құрады. Сот шешімімен қаржы пирамидасын құрған азаматқа қатысты бес жылға бас бостандығынан айыру жасасы кесілді, – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.