Қарағандыда ер адам несие алғанын ұмытып, полицияға жүгінді
Қарағанды облысында несие алғанын ұмытып кеткен ер адам полицияға жүгінді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 шілдеде Абай ауданының ПБ-на елді мекендердің бірінің 43 жастағы тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу оның жеке деректерін қолдана отырып, микрокредиттік ұйымнан несие алғанын айтты. Келтірілген залал көлемі 76 мың теңгені құрайды.
Жәбірленуші бір ай бұрын туған күнін тойлап жатқан досына қонаққа келіп, бірнеше күн үйінде жатқан. Сол күндері белгісіз біреу ұялы телефонын пайдаланып несие рәсімдеп алған. Жәбірленуші бұл туралы несиені төлеу қажеттігі туралы SMS хабарлама алған кезде білген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлер тергеу барысында анықтағандай, арызданушы мас күйінде несиені өзі алған. Қылмыстық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылданды. Бұл ретте ішкі істер органдарында бұрынғы жәбірленушіге қатысты 419-бап (Қылмысты біле тұра жалған жариялау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.