Маңғыстауда адам саудасы бойынша 6 қылмыс анықталды
Маңғыстауда адам саудасы бойынша 6 қылмыс анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысының аумағында адам саудасына байланысты қылмыстардың жолын кесуге, анықтауға және ашуға бағытталған 6 күндік «STOP-Трафик» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараны өткізу барысында өңірдің ПД Криминалдық полиция қызметкерлері адам саудасы бойынша 6 қылмысты анықтады, оның ішінде 3 факт – ҚР ҚК 309-бабы бойынша (Жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық), 2 факт – ҚР ҚК 135-бабы бойынша (Кәмелетке толмағандарды сату), 1 факт – ҚР ҚК 134-бабы бойынша (Кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту).
Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, бір әйел ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабы бойынша жезөкшелікпен немесе жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жай бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция моншаларды, қонақ үйлерді, ойын-сауық орындарын және жезөкшелер мен притондардың басқа да мүмкін болатын орындарын қарап шықты. Нәтижесінде «жезөкше» санаты бойынша 47 адам, «сутенер» санаты бойынша екі адам есепке қойылды. ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша қоғамдық орындарда тиісу бойынша 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жезөкшелікпен айналысатын және ҚР аумағында заңсыз жүрген екі адам Ақтау қаласы ПБ арнайы қабылдап-тарату орнына жабылды.