Түлкібастық тұрғынның үйіне кіріп, телефонын ұрлап кеткен ұры анықталды
Түркістан облысының полицейлері 150 мың теңгенің ұялы телефонын ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші жігіттің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз азамат үйіне кіріп, қонақ бөлмесіндегі шкафтың үстінде тұрған «IPhone 6» маркалы ұялы телефонын жасырын түрде ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 150 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер үйге заңсыз кіріп, қараусыз қалған смартфонды ұрлап, қашып кеткен күдікті азаматты байқады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түлкібас ПБ полицейлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Полицейлер барлық мән-жайларды анықтау үшін ұсталған азаматты аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті азамат ұрланған ұялы телефонды аудандағы сауда орталықтарының біріне алып барып сатып жіберген. Ал ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуға және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Ұялы телефондар мен әмияндарды көзге көрінбейтін жерде сақтау керектігін ескертеді. Сондай-ақ сауда орындарында бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыздар. Егер, сіз, бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.