Түркістан облысының екі тұрғыны тыйым салынған материалдарды таратқаны үшін жауапқа тартылды
Түркістан облысының екі тұрғыны тыйым салынған материалдарды таратқаны үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет кеңістікке мониторинг жүргізу кезінде, Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «ВКонтакте» және «Telegram» әлеуметтік желілерінде діни сипаттағы тыйым салынған ақпаратты анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер, аталмыш жазбалардың авторлары Жетісай ауданының тұрғындары екенін анықтады. Сондай-ақ күдікті екеу деструктивті-діни ағым жақтаушылары болып шықты. Олар өздерінің жеке парақшаларына тыйым салынған аудиожазбалар орналастырған.
Сараптамаға сәйкес, бұл аудиожазбалар мен дәрістер конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған үгіт-насихаттан тұрады, сонымен қатар елдің тұтастығын бұзуға және мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге шақырады. Тәртіп сақшылары жиналған материалдарды тиісті заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді. Нәтижесінде, сот қаулысымен екі ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы (Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, сол сияқты өзге де өнімді дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағында тарату) бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 58 345 теңге сомасында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.
Өз кезегінде Түркістан облысы Полиция департаменті азаматтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми интернет-ресурстарындағы әдебиеттер мен материалдарды басшылыққа алып, жеке басының қауіпсіздігі мақсатында әлеуметтік желілердегі күмәнді сайттар мен топтарға кірмеу керектігін ескертеді.