Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мал ұрлығы азайды

Түркістан облысында мал ұрлығының тіркелуі азайып, қылмыстың ашылуы артты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы» қолданысқа енгізілген болатын. Аталған бағдарламаны Түркістан облысы ПД-нің аумағында жүзеге асыру мақсатында Департамент бастығы Қайрат Дәлбековпен бағдарлама жоспары әзірленді. Осы жоспарға сәйкес көбіне мал шаруашылығымен айналысатын Түркістан облысында мал ұрлығының алдын алу, болдырмау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде бұл қылмыс түрінің тіркелуі мен ашылуы өткен жылмен салыстырғанда едәуір жақсарған.

Мысалы, облыс аумағында 2021 жылдың 9 айында 93 мал ұрлығы тіркеліп, оның 33,7%-ы ашылған. Ал 2020 жылдың тоғыз айында 107 мал ұрлығы тіркеліп, ашылуы 25,4%-ды құраған. 

Сондай-ақ мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында біршама іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Полиция департаментінің басшылығымен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, малдарды жайылымда қараусыз қалдырмау үшін үш жақты (атқарушы орган – халық – бақташы) келісім шарттар түзу жұмыстары жасалуда. Бұл бағытта бүгінгі күнге дейін барлығы 8 559 келісімшарт түзілген. Сонымен қатар, әр аптаның сенбі, жексенбі күндері облысымыздың қала, аудандарында орналасқан мал базарлары маңында Ветеринариялық қадағалау инспекция қызметкерлерімен бірге мал тасымалдайтын автокөліктерді, оның ішіндегі малдардың сырғаларын, қажетті құжаттарын тексеру жұмыстары қатаң түрде жүргізілуде. Соның арқасында сатуға алып келе жатқан малдардың құжаттары болмағаны, сырғаланбағаны үшін, ӘҚБтК 406-бабымен (Ветеринария саласындағы заңнаманы бұзу) бойынша 980 іс-құжат жинақталып, аймақтық ветеринария инспекциясына жолданған. Оның 922-сіне хаттама толтырылған. Түркістан облысының Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі құрылымдарының қызметкерлерімен мал тасымалдаушы жүк автокөліктерінің жүргізушілерінің арасында үгіт-насихат және алдын алу жұмыстарын жүргізуде күнделікті күн тәртібінен түскен емес.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру