Алматы полицейлері Instagram арқылы «сауда» жасаған екі алаяқты ұстады
Алматы полицейлері Instagram арқылы «сауда» жасаған екі алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматының криминалдық полициясы Instagram желісінде бренд киімдерді сату сылтауымен адамдарды алдап кеткен екі жергілікті тұрғынды ұстады.
– Алаяқтық тізбегі өте қарапайым болды. Ұсталғандардың бірі – 25 жастағы И.есімді азамат әлеуметтік желіде екі парақшаны ашты: «almaty.sneaker» және «top.sneakerkross», түрлі-түсті суреттер мен жеңілдіктер туралы ақпаратты орналастырды. 19 жастағы оның серіктесі болашақ сатып алушылармен байланысып, сәйкесінше тапсырыстар мен төлемдерді қабылдады. Алдын ала төлем бейтаныс адамның банктік картасына түсіп отырды. Ал пайданы олар екіге бөлді, – деп айтты Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Қаланың бес тұрғыны осындай алаяқтық тізбекке ілінді. Әр клиенттен алаяқтар кроссовкалар үшін 15-тен 20 мың теңгеге дейін ақша алған. Ал арыз берушілер қаражатты аударғаннан кейін аяқ киімсіз және ақшасыз қалды. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлімі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция интернетте жеңілдіктер мен тартымды бағалары бар түрлі-түсті аккаунттардың қолданушылардың назарын аударатынын атап өтті. Әдетте, олардың көпшілігі тауарлардың қолда бар екеніне көз жеткізбестен электронды әмиянға алдын ала төлемді аударады. Тәртіп сақшылары қарапайым сақтық шараларын сақтауды ұсынады.