Сарыағашта Қызыл кітапқа енген ақбөкен жануарының мүйіздерін заңсыз сатқан браконьер қамалды
Сарыағашта Қызыл кітапқа енген ақбөкен жануарының мүйіздерін заңсыз сатқан браконьер қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлеріне белгісіз біреулердің Қызыл кітапқа енген ақбөкен жануарының мүйізін заңсыз сатумен айналысып жатқаны жайлы шұғыл ақпарат түседі. Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде Сарыағаш АПБ мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлесіп, тәулік ішінде қылмысқа қатысы бар браконьерді ұстады. Сондай-ақ күдікті азаматтың үйінен айғақты зат ретінде 150 дана ақбөкен мүйіздері тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі бес миллион теңгеге жуық.
Белгілі болғандай сезіктінің Қарағанды облысының жергілікті тұрғыны екені анықталды. Күдікті азамат Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.
Осыдан соң орта жастағы ер азаматқа қатысты құжаттар жинақталып, шешім шығарылу үшін сотқа жолданды. Өз кезегінде сот кінәлі азаматқа бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындардан және қонақтардан табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға және құрып кету қаупі төніп тұрған Қызыл кітапқа енген жан-жануарлар мен өсімдіктерге құрметпен қарауға шақырады.