Қарағандыда 17 жастағы алаяқ ұсталды
Қарағанды қаласында 17 жастағы алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 қазан күні Қарағанды қаласының ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 18 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші бойжеткеннің айтуынша, бір жігіт ұялы телефонын алаяқтық жолмен тартып алған. Келтірілген шығын көлемі 75 мың теңгені құрады.
Белгілі болғандай, жәбірленуші сауда үйінің жанында тұрған кезде, оған бейтаныс адам жақындаған. Әлгі жігіт әлеуметтік желіге кіру үшін ұялы телефонын беруін өтінген. Ұялы телефонды алған соң шетке шығып, қашып кеткен. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
4 қарашада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні – 17 жастағы жас жігітті анықтап, ұстады. Ол қылмысын мойындады. Айғақты зат тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.