Түркістан облысының полицейлері браконьерден 110 келіден астам балықты тәркіледі
Түркістан облысының полицейлері браконьерден 110 келіден астам балықты тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясының инспекторы Бекмұхамбет Теңгебаев Шардара су қоймасынан браконьердің ұсталғаны жөнінде хабарлама жасады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері браконьердің су қоймасында балық аулайтын ау торымен заңсыз балық аулап жатқанын анықтады. Браконьерден айғақты заттар тәркіленіп алынды. Сондай-ақ тексеру барысында күдікті азаматтың Шардара қаласының тұрғыны екені белгілі болды.
Полиция қызметкерлері күдіктіні істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді. Одан 110 келіден астам балық пен балық аулау құралдары алынды.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жою заң аясында жауапқа тартылатынын еске салады.