Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта шекарадан есірткі алып өтпек болған ер адам анықталды

Түркістан облысында шекарадан есірткі алып өтпек болған күдікті ер азаматқа қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш ауданы ПБ кезекші бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасының жайты анықталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген полицейлер өткізу пунктінен өту кезінде азаматтардың бірінен Имерек атты қызметтік ит белгі берген.

Жедел уәкілдер күдіктіні, Атырау қаласының тұрғынын тінту кезінде шалбарының қалтасынан есірткі затына ұқсас затты тауып, тәркілеп алды. Тәртіп сақшылары ұсталған ер адамды аудандық полиция бөліміне жеткізді. Сараптамаға сәйкес, алынған өсімдік тектес зат салмағы бір грамға жуық «гашиш» болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабымен (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) іс-құжаттар жинақталып, Сарыағаш аудандық сотына жолданды. Бүгінгі таңда сот ер азаматты аталған бап бойынша кінәлі деп танып, 583 400 теңгеге айыппұл салды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Егер сізде, есірткінің заңсыз айналымына байланысты деректер туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, тез арада полицияға «102» телефоны бойынша хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру