Ақмола облысында жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам тыныштықты бұзды
Ақмола облысында жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам тыныштықты бұзды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін өңірдің 2040 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Статистикаға сәйкес, құқық бұзушылар көбінесе тұрғылықты жерінде немесе автомобиль салонында музыканы қатты тыңдаған. Полицияға хабарласудың тағы бір себебі – құрылыс жұмыстары мен иттердің үруі.
Тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес тыныштықты сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін бұзу, оның ішінде азаматтардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін тұрғын үйде және одан тыс шұғыл қажеттілікпен байланысты емес шу тудыратын жұмыстар үшін айыппұл көзделгенін еске салады.
Бұл жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық мекемелеріне де қатысты.