Погон таққан өнерпаздар: Ақмолада полицейлер шығармашылық байқауда бақ сынады
Полиция департаментінде аумақтық бөлімшелер арасында облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытынды кезеңі өтті. Аймақтың түкпір-түкпірінен қатысқан полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері шығармашылық қабілеттерін көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іріктеу кезеңдері бұған дейін облыстың бірнеше ірі қаласында өткен. Финалда полиция департаментінің сахнасында өз бөлімшелерін ұсынуға мүмкіндік алған үздік қатысушылар өнер көрсетті.
Конкурс қатысушыларына полиция департаменті бастығының орынбасары Аслан Қызбикенов, ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Пинчук, "Достар" мәдениет үйінің "Інжу" хореографиялық ансамблінің жетекшісі Найля Кадонко және "Мәдениет саласының үздігі" белгісінің иегері, Ақмола облыстық филармониясының бөлім бастығы Асылбек Әбенов қазылық етті.
Қатысушылар түрлі бағдарлама ұсынды: патриоттық және музыкалық композициялар орындап, ұлттық билер билеп, поэзия оқыды. Сахнадан "Молимся за родиетелей", "Қазақстан", "Өз елім", "Күйім" әндері, сондай-ақ белгілі қазақстандық композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларынан попурри шырқалды. Абай мен Мұқағали Мақатаевтың шығармалары да көрермендердің назарын аударды.

Байқаудың жарқын ашылуы мен қорытындысын Макинскідегі "Ритм" би ұжымының қойылымдары толықтырды. Қатысушылар ұлттық қазақ және грузин билерін ұсынды. Әрбір нөмір күнделікті қызмет барысында көпшілікке байқала бермейтін таланттарды ашуға мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Бурабай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметінің инспекторы Темірлан Болатұлы иеленді. Екінші орынға Сандықтау аудандық полиция бөлімінің қызметкері Карина Бочарова ие болды. Облыстық байқаудың жеңімпазы Көкшетау қаласы полиция басқармасының патрульдік қызметінің инспекторы Жамалдин Сүлейменов атанды.

Байқаудың Гран-приі "Ритм" би ұжымына берілді. Оның құрамында Бұланды ауданының полиция бөлімі қызметкерлерінің балалары өнер көрсетті.
Байқаудың барлық қатысушысы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Облыстық көркемөнерпаздар байқауы қызметтік форманың ар жағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша күнделікті жұмысымен қатар, шығармашылық қабілеті бар адамдар мен оларды тек қызметте ғана емес, қоғамдық өмірде де қолдауға дайын отбасылар тұрғанын көрсетті.

