Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталғандар көкөніс өсіруде
Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталғандар көкөніс өсіріп, қысқа дайындық жасауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясында жылыжайда жұмыс істейтін сотталғандар қияр, баклажан және тәтті бұрыш өсірумен айналысады.
Бүгінде жылыжайда бес сотталған әйел еңбек етуде. Олардың жалақысы атқарған жұмысының көлеміне қарай есептеледі. Тапқан қаражаттарын олар сот шешімімен тағайындалған талап-арыздар бойынша берешектерін өтеуге, сондай-ақ отбасыларына материалдық көмек көрсетуге жұмсайды.
Өнімді жинап алғаннан кейін сотталғандар қысқа көкөніс өнімдерін дайындауға кірісті. Өсірілген көкөністерден салаттар әзірлеп, қияр тұздаумен айналысады. Бүгінгі таңда көкөніс салаттары мен тұздалған қиярдың 300-ден астам банкасы дайындалды. Дайын өнімдер кейіннен Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласына жөнелтіледі.
— Өз жұмысым ұнайды — көкөніс өсіріп, қысқа дайындық жасаумен айналысамын. Жылыжайда жұмыс істеген кезде үйімді және анамды жиі еске аламын. Бала кезімде анамның көкөніс өсіріп, қысқа түрлі дайындықтар жасағанын қызығушылықпен бақылаушы едім. Кейін анам бұл істі маған да үйретті. Қазір осында жүріп, өз дағдыларымды қолдана алдым және қазір өзім басқа сотталғандарға үйретіп жүрмін. Бір кездері анам маған үйреткен білімнің бүгінгі күні қажетке жарағанын түсіну мен үшін қуанышты, — деді сотталған әйел.
— Көкөніс өсіру және оларды өңдеу сотталғандарды еңбекпен қамтудың бағыттарының бірі. Мұндай қызмет әйелдерге практикалық дағдыларды меңгеруге, табыс табуға және босатылғаннан кейінгі өмірге дайындалуға мүмкіндік береді. Біз сотталғандарға еңбек етуге, жаңа білім алуға және бұрыннан бар дағдыларын қолдануға жағдай жасауға тырысамыз. Жылыжайдағы жұмыс жауапкершілікті, шыдамдылықты және күнделікті күтімді талап етеді. Әсіресе әйелдердің көкөністерді өсіріп қана қоймай, оларды өздері өңдеп, қысқа дайындауы маңызды. Мұндай дағдылардың босатылғаннан кейін міндетті түрде пайдасы тиеді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.
